Үндістанда 22 бала мектеп тамағынан уланып, қаза болды

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Үндістанның Бихар штатында 22 бала мектеп тамағынан уланып, қаза болды, деп хабарлайды Би-Би-Си.

Үндістанда 22 бала мектеп тамағынан уланып, қаза болды

Ауруханаға 27 бала жеткізілген, 22 бала уланып, тіл тартпай кетті. Шамамен әлі отызы ауруханада жатыр, кейбіреулерінің жағдайы ауыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, тамақтың құрамында инсектицид болған.

8 бен 11 жас аралығындағы оқушылар сейсенбі күні түскі аста Масрах қаласының маңындағы Дармасати елді мекеніндегі өздері оқитын мектепте дайындалған жасымық пен күрішті жеген. Алдын ала жасалған талдау бойынша тамақтың ішінде фосфат болған.

Өлім аузынан аман қалған балалар аудан орталығы Чхапра ауруханасына, сонымен бірге штаттың астанасы Патнаға жіберілген. Кейбір балалар қазір өте ауыр жағдайда.

Жергілікті билік өкілі Амаржит Синха журналистерге берген сұхбатында зиянкестерді жоюға арналған фосфаттың жасымықтың ішінен шыққанын айтқан. Алайда бұл әзірге алдын ала болжамдар ғана, мәселенің мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Нақты себебі қорытынды есепте белгілі болады», - деді Синха.

Уланған балалар мектепте «Мектеп түскі асы» деген бағдарлама аясында тамақтанып жүрген. Бұл бағдарлама тұрмысы төмен отбасынан шыққан 120 миллионға жуық баланы, жалпы Үндістан бойынша 1,2 миллион мектепті қамтиды.