Үндістанда 40-тан астам адам суықтан көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның Уттар-Прадеш штатында жалпы нормадан ауытқыған суық салдарынан 40-тан астам адам көз жұмған. Желтоқсан айының ішінде жалпы 92 адам құрбан болды, деп хабарлайды Росбалт.
Times of India газетінің жазуынша, соңғы тәулікте суықтан қайтыс болғандардың саны 43 адамға жеткен. Ауа температурасының төмендеуі мен қалың тұман салдарынан 150-ден астам пойыз бен бірқатар әуе рейстері тоқтатылып, жолаушылар көлігінің қозғалысына қиындық туды.
Штаттың аумағындағы ауа температурасы аймақтағы климаттық нормадан 10 градусқа дейін төмендеген. Синоптиктердің болжамынша, осындай суық әлі бірнеше күн сақталады. Билік көздері үй-күйсіз адамдар үшін паналау орындарын ұйымдастыруға шамамен 300 мың доллар көлемінде қаражат бөлді.