Үндістанда бір тәулікте 30-дан астам адам найзағай соғып, ажал құшты

Үндістанда бір тәулікте 30-дан астам адам найзағай соғып, ажал құшты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үндістан солтүстігіндегі Уттар-Прадеш штатында өткен тәулікте кем дегенде 32 адамға жай түсіп, мерт қылған. NDTV телеарнасының хабарлауынша, бұған қоса тағы 13 адам зардап шеккен.

Қазір Үндістан аумақтарына муссон нөсері жауатын маусым. Мұхиттан құрлыққа қарай соғатын муссон желдері салдарынан үздіксіз қуатты найзағайлар жарқылдайды.

Өткен тәулікте жай түсіп, қаза тапқандар саны күрт артты. Әсіресе Ганг өзенінің жағасында орналасқан Канпур және Фатехпур қалаларында адам шығыны көп. Бұлардың әрбірінде найзағайдан бес адамнан өлген.

Штат үкіметі құрбан болғандардың туыстарына және жапа шеккендерге көмек көрсетілетіндігін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Флорида штатындағы жағажайда сегіз адамның найзағайдан жапа шеккенін хабарлаған едік.