Үндістанда ғаламторда жыр болған семіз полицейге тегін ота жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанда артық салмағы үшін кемсітілген Даулатрам Джогават есімді полицейге Мумбайдағы клиникада болашақта салмақ тастауға мүмкіндік беретін тегін хирургиялық ота жасалды, деп хабарлайды BBC.
Ер кісі емдеу шаралары аяқталғаннан кейін өзінің сәттілігіне «кінәлі» болған танымал үнді жазушысы Шобху Деге сырттай алғысын айтты. Дәл осы жазушы ақпан айының соңында өзінің Туиттердегі парақшасына жергілікті сайлау науқанында полицияның қауіпсіздікті «күшейткенін» жазып, тәртіп сақшысының суретін жариялаған еді.
Осы жазба қолданушылардың арасында қызу талқыланып, оны 16 мың адам ұнатқан. Көптеген қолданушылар жазушыға кінә таққанымен, осы келте жазба (туит) арқылы полицей танымал болып кетті. Үндістандық БАҚ-та осы тақырыпта келемеж суреттер тарала бастады.
Жазбаның «жыры» Мумбайдағы ауруханаға да жеткен. Содан соң Даулатрам Джогаватқа тегін ота жасау туралы ұсыныс келіп түсті. Ер кісінің салмағы бұған дейін 180 келі болған. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейін оның 80 келіге дейін салмақ тастауға мүмкіндігі бар.