Үндістанда құлаған үйде қаза болғандардың саны 60-қа дейін жетті
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Үндістанның Мумбай қаласында көпқабатты үйдің құлауы салдарынан соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандардың саны 60 адамнан кем емес,
деп хабарлайды қаланың полициясы.
ВВС-дің жазуынша, құтқарушылар бейсенбі күні қираған ғимараттың үйінділерін тексеріп жатыр.
Белгілі болғандай, аталған нысанның құрылысы аяқталмаса да, жүзден астам адам заңсыз түрде үйдің салынған төрт қабатында тұрған көрінеді. Мерт болғандардың басым бөлігі құрылыс орнында түнеп жүрген отбасылар мен құрылысшылар екен. Таратылған мәліметтерге қарағанда, 19 бала аталған апаттан көз жұмды. Құрылысы аяқталмаған ғимаратта адамдардың өлімінен кейін бірнеше шенеунік жұмыстан босатылды.