Үндістанда құрылыс нысаны опырылып, 27 адам қаза болды
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Мумбайдың қала маңындағы аудандарының бірінде құрылысы жүріп жатқан нысан опырылып құлады.
Төтенше жағдай салдарынан 27 адам көз жұмып, 50-ден астамы жарақаттанды, деп хабарлады РБК.
Жеті қабатты нысан жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06:30 (Мәскеу уақытымен 05:00) қирады. Ондаған адам үйінділер астында қалды. Полицияның мәліметінше, ғимаратта болған адамдар құрылысшылар отбасыларының мүшелері.
Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, нысан 3-4 секундтың ішінде үйіндіге айналды. Үндістандық БАҚ мәліметтерінше, құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген.
Айта кетейік, Үндістанда құрылысы қолға алынған нысандардың опырылып құлауы жиі тіркеледі. Оған сапасыз құрылыс материалдары мен біліксіз мамандардың тартылуы себеп болып отыр. 2012 жылдың желтоқсанында Вагхоли қаласында құрылысы жүріп жатқан үй опырылып, 13 адам жан тәсілім етті.