Үндістанда лай көшкіні мен тасқыннан 28 адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның солтүстік-шығысында лай көшкіні мен тасқын салдарынан 28 адам қаза тапты, деп жазады 24.kz.
Екі күн бойы толассыз жауған нөсер соңы селге ұласты. Он төрт кісінің өлімі Ассам штатында тіркелді. Бұл аймақта 90 ауылды су шайып кеткен.
Жүз елу мыңнан астам тұрғынға үйлерін тастап, биік жерлерге көшу туралы ұсыныс айтылды. Қазір жергілікті билік өкілдері баспанасынан айырылған мыңдаған адамға уақытша шатырлар құрып жатыр.
Бұдан басқа, табиғи апатқа байланысты мектептер мен жоғары оқу орындарындағы сабақтар кейінге шегерілді. Жауын-шашын бірнеше сағат бұрын басылған, бірақ ауа райын болжаушылар алдағы күндері нөсер қайта жаууы мүмкін деп отыр.