Үндістанда өз қанынан мүсін жасайтын қолөнер шебері тұрады
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Үндістің қолөнер шебері Хуссаини қаннан мүсін жасайтын әлемдегі жалғыз адам.
Жуырда ол Үндістанның Тамилнад штатының бас министрі Джаярам Джаялалитаның бюстын өз қанынан әзірлеп шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Джаялалитаға биыл - 65 жыл. Сүйікті шенеунігінің мерейтойына қолөнер шебері өзінің 11 литр қанын жұмсаған. Хуссаини 11 литрді 8 жыл бойы тамшыдан жинапты. Керекті мөлшер жиналғаннан кейін ол сүйікті ісіне кіріскен.
Мүсіннің жұмысына ұзақ уақыт кеткен жоқ, небәрі бір күнде силикон материалынан бюсттың қаңқасы жасалынды. Кейін сыртынан қанмен қаптап, оны Хуссаини тоңазытқышқа салып, қатырып қойған. Қан мұзға айналғаннан кейін ішіндегі силикон өзі-ақ түсіп қалды.
Мүсінді жансыз демесеңіз, Джаялалитадан айырмашылығы шамалы. Қазір шебер оны Тамилнадтағы үлкен тоңазытқышқа салып сақтауда. Ал, жақын күндері туынды көпшіліктің назарына ұсынылу үшін Нью-Делиге жеткізіледі. Бүгінде ел астанасындағы өнер академиясының бір бөлмесін мамандар мүсінді сақтау үшін тоңазытқышқа айналдырып жатыр. Алайда, оның қанша уақытқа дейін тұратыны белгісіз.