Үндістанда тас лақтыру фестивалінде 460 адам зардап шекті

Жыл сайын өтетін бұл дәстүр үш ғасырдан бері жүргізіліп келеді, деп жазады Лента.ру.
Фестиваль кезінде Саваргаон мен Пандхурна ауылдарының тұрғындары Джаан өзенінің жағасына шығып, ағашта ілініп тұрған жалауды жұлып алу үшін белгі берілген кезде спортшылар ортасындағы аралға қарай ұмтылады.
Жағада қалғандар қарсыластарына тас лақтырады. Басылымның атап өтуінше, мереке бір немесе бірнеше қатысушының өлімімен аяқталған кездер де болған. Бұл дәстүр пандхурналық бір жас жігіттің қызды алып қашып, өзенді кешіп өтіп бара жатқан кезде оған адамдардың тас лақтыруымен байланысты қалыптасқан. Оған көмекке Пандхурна тұрғындары келген.
Биыл бұл әрекет тәртіпсіздікке ұласқан. Жиналған жұртшылық полицейлер мен дәрігерлерге тас лақтыра бастаған соң, тәртіп сақшылары көзді жасаурататын газды қолданған.