Үндістанда жолаушылар апаты орын алды, адам құрбандықтары бар
АСТАНА. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Үндістанда теміржол апаты орын алды. Мадхья-Прадеш штатында жүк пойызы стансада тұрған жолаушылар пойызына соқтығысып қалды, деп хабарлайды РосБизнесКонсалтинг.
Алдын-ала мәліметтер бойынша, пойыз апатының салдарынан 15 адам қаза болып, 50 адам түрлі жарақат алған. Қазір құтқарушылар үйінділерді аршуда. Үндістаннан келіп жатқан телекадрлардан пойыз вагондарының қатты зақымданғаны көрінуде.
Үндістанның құқық қорғау органдары апаттың себебін әзірге атаған жоқ. Дегенмен, пойыздардың апатына жайсыз ауа райының, атап айтқанда, нөсер жаңбырдың себеп болу ықтималдығы айтылуда, деп хабарлайды ВВС агенттігі.