Үндістандағы ауруханада болған өрт 10 адамның өмірін қиып кетті
НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Үндістанда Ахмеднагар қаласындағы (Махараштра штаты) ауруханада сенбі күні болған өрттен кемінде 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат NDTV телеарнасына сілтеме жасап.
Өрт аурухананың коронавирус инфекциясын жұқтырған 17 науқас ем қабылдап жатқан бөлімінде болған. Қазіргі уақытта өрт сөндірілді, оның себептері анықталуда.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт электр желісіндегі қысқа тұйықталудан шығуы мүмкін.
Махараштра штатының бас министрі Уддхав Такерей билік мұқият тергеу жүргізіп, қаза болғандардың отбасына 500 мың рупий (шамамен 6,7 мың доллар) көлемінде өтемақы төлейтінін мәлім етті.