Үндістандағы ірі қаржы және ауыл шаруашылығы штатында ҚР Құрметті консульдығы ашылды
Д.Чандан осы елдегі мемлекеттік және іскер топтар арасында кеңінен танымал. Ол Гуджарат Сайда-өнеркәсіп палатасының мүшесі, «ChandanMinirals PL», «ChandanGemstones PL», «IndicGeoResources PL», «SachGeoResources PL», «KalikundInvestment B.V. Netherlands» басқарушы директоры және өзге де белгілі қоғамдық ұйымдарға жетекшілік етеді.
Құрметті консульдықтың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Болат Сәрсенбаев, Гуджарат штаты үкіметінің Бас министрі Виджай Рупани Сахеб, Гуджарат штаты Үкіметінің Қоғамдық даму министрі Раманбхаи Паткар, Үндістан парламентінің депутаты Девжи Пател қатысты.
Елші Болат Сәрсенбаев өз сөзінде бұл шараның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын ерекше атап өтті. Ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің қалыптасуы мен дамуындағы атқарған зор рөліне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ енді құрылып отырған мекеменің Қазақстан мен Үндістан арасындағы IT-өндірісі, машинақұрылысы, туристік, көліктік-логистикалық инфрақұрылымдар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына ықпал ететіндігін атап өтті.
Құрметті мейман, Гуджарат штаты үкіметінің Бас министрі Виджай Рупани Сахеб Құрметті консульдықтың ашылуы екі жақты экономикалық байланысты нығайтуға ықпал ететіндігіне және инвестициялық тасқынды ұлғайтатындығына сенімді екендігін жеткізді.