Үндістандық байқаушылар Қазақстанның сайлау жүйесіне қызығушылық танытты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен Үндістаннан келген байқаушы Салина Сингхпен кездесті.

Үндістандық байқаушылар Қазақстанның сайлау жүйесіне қызығушылық танытты

«Мен қазір ғана сіздердің сайлау жүйелеріңізбен таныстым. Қазақстандағы сайлау процесі өте қызықты. Оның Үндістанның сайлау жүйесінен айтарлықтай айырмашылығы бар. Қазақстанда қағаз нұсқада, ал бізде электронды түрде дауыс беріледі. Мен мұның барлығын көріп, ой елегінен өткізгім келеді», - деді С.Сингх.

Сонымен қатар ол елордадағы бірқатар сайлау учаскесінде болып, дауыс беру барысын байқайтындығын атап өтті.

«Мен үшін мүмкіндігі шектеулі адамдардың дауыс беру үшін қандай мүмкіншіліктер жасалатындығы қызықты. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың дауыс беруіне 2 түрлі жағдай жасалған екен. Бірі оларды біреулер ертіп әкеледі немесе үйлерінде отырып дауыс береді. Ал Үндістанда мұндай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан сіздерден ынтымақтастықты жолға қойып, сайлау процесі саласында бірлескен зерттеу жүргізгіміз келеді», - деді ол.