Үндістандық кәсіпкер өзіне 200 мың доллар тұратын жейде сыйлаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістандық ірі тоқыма фабрикасының иесі Панкай Парах өзінің 45 жасқа толуына орай 4 келі алтынмен апталған жейде тіктірді. Жоғары сынамалы алтыннан жасалған жейденің жалпы құны 211мың долларды құрайды. Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл жейдені көпшіліктің алдында ерекшелену үшін ғана емес, сондай-ақ Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін де жасатқан.
Бірегей жейдені жасау үшін фабриканың 20 шебері қатысқан, екі айға жуық уақыт кеткен көрінеді. Оны кез келген кіржуғыш машинада жуа беруге болады.
Парахтың айтуынша, ол бұрыннан алтынға құмар екен, үйінен шыққанның өзінде кем дегенде 2-3 келі салмағы бар әшекейлерді тағып шығатын көрінеді. Ал қауіпсіздік үшін үнемі қасында оққағарларын ертіп жүреді. Үндістанда Панкай Парах өзінің қайырымдылығымен танымал. Ол жыл сайын полиомиелитпен ауыратын 120 балаға ота жасау үшін қаражат бөліп тұрады деп жазады шетелдік БАҚ.