Үндістанның ауылында сүйіп қосылуға тыйым салынды
АСТАНА. 14 шілде. ҚазАқпарат - Үндістанның Уттар Прадеш штатында орналасқан ауылда жергілікті тұрғындарға бір-бірін сүйіп қосылуға тыйым салынып, әйелдер үшін бірқатар шектеулер қойылды, деп хабарлады BBC Russian.
Ауыл кеңесінің мүшелері сүйіп қосылған жұптарды ауылдан қудалауға шешім қабылдады. Сондай-ақ ақсақалдар жасы 40-қа жетпеген әйелдерге қоғамдық орындарға жалғыз баруға және ұялы телефонды пайдалануға тыйым салды.
Айта кетейік, жас әйелдер ендіге үйлерінен шыққанда бастарын орамалмен бүркеп алулары қажет. Ауыл кеңесі бұл жаңа «заңды» жергілікті әйелдердің қауіпсіздігін ойлау мақсатында қабылдағандарын айтып, алға тартуда.