Үндістанның «шай» өсіретін Ассам штатында Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды
БЕЙЖІҢ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Үндістандағы Қазақстан елшілігі мен Үндістанның Ассам штаты үкіметі Туризмді дамыту корпорациясы (ТДК) Гувахати қаласында «Қазақстан-Үндістан: туризм саласындағы ынтымақтастық» интерактивті сессиясын өткізді, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Іс-шараға Ассам штатының ірі 10 туристік компаниясының өкілдері қатысты: Networks Travels, Pushpak, Landscape Safari, Natural Holiday's және т.б.
Қазақстандық елші Болат Сәрсенбаев Үкіметтің Қазақстандағы қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру шараларын, Қазақстанның Үндістанмен ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, оның ішінде туризм секторы туралы баяндады, сондай-ақ үнді кәсіпкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Сессия соңында ТДК басшылығы таяуда Алматы қаласында Ассам штатының туристік мүмкіндіктерінің таныстырылымын ұйымдастыруды ұсынып, Ассам штатында Қазақстаннан туроператорлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қабылдауға дайын екендігін білдірді.
Еске салайық, Ассам қазақстандықтарға өзінің шай өсіру плантацияларымен танылған.