Үндістан мен Непалда су тасқыны мен көшкіннен 70 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанда нөсер жаңбыр, су тасқыны және көшкін салдарынан 56 адам, Непалда 14 адам қаза тапты. Непалда тағы 11 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, деп хабарлайды Reuters.

Непал
Фото: Анадолы

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында 25 қыркүйектен 27 қыркүйек таңына дейін 66,5 мм жауын-шашын түскен. Бұл осы кезеңдегі қалыпты көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Норма бойынша бұл аралықта 7,6 мм жауын-шашын түсуі тиіс.

Құтқару қызметтері су басқан аудандарда жұмыстарын жалғастырып жатыр. Билік гуманитарлық көмек таратып, ауыл шаруашылығына келтірілген шығынды бағалап жатыр.

Үндістанда қаза тапқан 56 адамнан бөлек, 46 адам зардап шекті, мыңнан астам үй зақымданды.

Непал билігі елдегі 77 округтің 49-ында кенеттен болатын су тасқыны қаупі бар екенін ескертті. Олардың жартысынан астамында ірі өзендер мен олардың салаларындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасқыны мен сел қаупі жоғары болып отыр.

Непалдың бірқатар ауданында электрмен қамту жүйесі толығымен бұзылды. Рахуганга өзеніндегі су тасқыны қуаты 40 МВт болатын гидроэлектр станциясының инфрақұрылымына және электр беру желілерінің тіректеріне де зақым келтірді.

Үндістанда Орталық су комиссиясы жеті штаттағы 30 гидрологиялық бекетте жағдай күрделі екенін хабарлады. Ганг, Гандак, Коси, Багмати және Нармада өзендерін қоса алғанда, бірнеше ірі өзендегі су деңгейі қауіпті межеден асты.

Су тасқыны мен көшкін Непалдың кейбір аудандарындағы телекоммуникация жұмысына да кедергі келтірді. Бұған талшықты-оптикалық желілердің зақымдануы және электр энергиясының үзілуі себеп болды.

Бұдан бөлек, Непалдың солтүстігіндегі Мананг округінде биіктігі 7126 метр Химлунг-Химал тауының маңындағы базалық лагерьді қар көшкіні басып қалғаннан кейін жергілікті он жұмысшы хабар-ошарсыз кетті.

Еске салайық, Непалда 26 тамызда болған жойқын су тасқынынан қаза тапқандарға байланысты 7 қыркүйек Ұлттық аза тұту күні деп жарияланған еді. Мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсіріліп, қаза болғандардың отбасылары дәстүрлі аза тұту рәсімдерін өткізді. Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1,4 мың адамнан асты.