Үндістанда апатқа ұшыраған Air India ұшағы дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлаған
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Үндістанның батысында апатқа ұшыраған Air India әуе компаниясының ұшағы дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлаған. Бұл туралы жергілікті полиция офицері брифинг барысында мәлімдеді, деп жазды ТАСС.

Апат орнына барлық қызметтер жұмылдырылды, деп хабарлады жергілікті полиция офицері.
— Алдын ала мәлімет бойынша, Лондонға бағыт алған Air India әуе компаниясының ұшағы дәрігерлер жатақханасына құлаған. Полиция мен басқа да қызметтер 2-3 минут ішінде оқиға орнына келіп жетті. Мұнда барлық тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр, — деді ол.
Boeing 787 Dreamliner ұшағы Үндістанның батысындағы Ахмедабад қаласының әуежайынан ұшып шыққаннан кейін бірден құлаған. Ол Ахмедабадтан Лондонға бағыт алған рейс болған. Ұшақ бортында 242 адам болған. NDTV телеарнасының хабарлауынша, апаттан аман қалғандар бар.