Үндістанда бірнеше ай бойы кемеде болған қазақстандық елге қашан оралады
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанда бірнеше айдан бері сот шешімімен қозғалысына шектеу қойылған Unity танкерінің экипаж мүшелері елдеріне қайта бастады. Ал кемеде қалған теңізшілердің арасында Қазақстан азаматы бар. Сыртқы істер министрлігі оның елге оралуына қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді.
29 қазанда экипаждың алғашқы жеті мүшесіне кемеден кетуге рұқсат берілді. Олардың алтауы — Ресей, біреуі Мысыр азаматы. Теңізшілер Үндістанның Одиша штатының әкімшілік орталығы Бхубанешвар қаласына жеткізілді. Олар 31 қазанда өз елдеріне ұшуы тиіс.
Бастапқыда танкер бортында 23 адам болған. Оның 20-сы — Ресей, 2-еуі — Мысыр, 1-еуі — Қазақстан азаматы.
Қазақстан СІМ мәліметінше, қазір отандасымыздың Үндістаннан елге қайтуы үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстанның Үндістандағы елшілігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.
— Азаматымызды елге қайтару үшін Үндістанның Сыртқы істер министрлігімен және басқа да құзырлы органдарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Үндістан соты ұсталған кеменің экипажын ауыстыру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта виза рәсімдеу және азаматымызды елге қайтару мәселелері шешілуде, — деп мәлімдеді министрлік.
Камерун туымен жүзетін Unity танкері 2026 жылғы 11 мамырдан бері Үндістанның Парадип портында тұр. Жергілікті жанармай жеткізуші компания мен кеме иесінің арасындағы қаржылық дауға байланысты сот танкердің порттан шығуына тыйым салған.
Салдарынан экипаж мүшелері бірнеше ай бойы кемеден кете алмаған. Үндістандық БАҚ мәліметінше, осы уақыт ішінде теңізшілер азық-түлік пен ауызсу тапшылығына тап болған. Сондай-ақ олардың жалақысы да уақытылы төленбеген.
Еске салайық, 17 қыркүйекте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі танкердің ұсталғанын растаған болатын. Сол кезде ведомство жағдайды реттеуге жәрдемдесуді сұрап, Үндістан тарапына дипломатиялық нота жолдағанын хабарлады.
17 қазанда бортында Қазақстан азаматы бар танкердің сатылымға шығарылуы мүмкін екені хабарланды. Теңізшілердің жақындарының айтуынша, олардың орнына басқа экипаж келмейінше, кемеден кетуіне рұқсат берілмеген.