Үндістанда оқушылар мінген қайық аударылып, кем дегенде 6 бала суға батып кетті

ҮНДІСТАН. KAZINFORM — Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Үндістанның Гуджарат штатында Вадодара қаласының маңындағы Харни Мотнатх көлінде 27 (басқа дерек бойынша 23) оқушы мінген қайық аударылған.

суға кетті
Фото: видеодан алынған кадр

Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Хабарларға қарағанда, бес адам құтқарылған.

Бірақ кем дегенде алты адам суға кеткен, қаза болғандардың саны әлі де артуы мүмкін.

Балалар жекеменшік мектепте оқитын және мектептің ұйымдастыруымен саяхатқа шыққан. 

Оқиға куәгерлері ешбір жолаушының үстінде құтқару кеудешесі болмағанын алға тартты.

«Мектеп оқушылары мінген қайық аударылып, алты баланың қаза тапқанын жаңа ғана білдім. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр», — деді Гуджараттың білім министрі Кубер Диндор IndiaTVnews арнасына берген сұхбатында.

Төтенше жағдайға қарсы ұлттық күш-құралдар мен өрт сөндіру бөлімшелері басқа органдармен бірлесіп жұмыс істеуде. 

«Осында пикникке келген мектеп оқушылары мінген қайық түсте Харни көлінде аударылып қалды. Өрт сөндірушілер жеті баланы құтқарды, із-түзсіз жоғалғандарды іздеп жатырмыз», — деді Вадодара өрт сөндіру бөлімінің бастығы Парт Брахмхатт.

Оның айтуынша, құтқарушылар оқиға орнына жеткенше жергілікті тұрғындар бірнеше баланы судан шығарып үлгерген.