Үндістаннан келген жолаушыдан анықталған тырысқақ ошағы жойылды - ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева Үндістаннан келген жолаушыдан анықталған тырысқақ ошағы жойылғанын мәлім етті.
«Сонымен қатар ресми өкіл Еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық қызметі Дели-Алматы бағыты бойынша Air Astana әуе компаниясы рейсінің бортында тіркелген тырысқақ жағдайы ошағының сәтті жойылғандығын хабарлайды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жедел іс-қимылының арқасында ел ішінде тырысқақтың таралу көзін жоюға, инфекцияны уақтылы анықтауға және оқшаулауға мүмкіндік болды. Сырқаттанған Қырғыз Республикасының азаматшасы емделуден сәтті өтіп, стационардан шығарылды», - деді ресми өкіл Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Бұған дейін 5 сәуір күні Дели-Алматы бағыты бойынша Air Astana рейсінің бортында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында іш өту, айқын әлсіздік, ауыздың құрғауы туралы шағымдары бар жолаушы анықталғанын хабарлаған едік.