Ұнды дәрумендендіру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қажет - Бауыржан Байсеркин

Бұл мәселені шешу үшін Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 160-бабына сәйкес, темір жетіспеушілік анемияның алдын-алу бойынша, ұнды витаминдендіру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы брифингте Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансының бас дәрігері Бауыржан Байсеркин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ұнды дәрумендер және минералдармен байыту - темір жетіспеушілік анемияны жеңудегі аса тиімді және аз шығынды тәсілдің бірі. "Ол ең алдымен, ананың өлім-жітімінің, нәрестелердің туа біткен кемшіліктер деңгейін әдеуір төмендетеді, балалар мен әйелдер арасында анемияның алдын-алу жолымен балалардың ақыл-ой дамуын жақсартуға себепші болады", дейді ол.
Жиын барысында ол аталмыш бағдарламаны іске асыру аясында бүгін Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет орындары мен стандарттау және метрология органдарының қызметкерлеріне арналған үш күндік байытылған ұнды ендіру, сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөнінде семинар-кеңес ашылғандығын айтты. "Семинардың ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі. Оның жұмысына АҚШ, Канада, Түркия мен Косово елдерінің халықаралық сарапшылары қатысуда", деді ол.