Универсиада-2017 алауын Қостанай көшелерімен алып өтті
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда XXVIII бүкіләлемдік қысқы Универсиада алауы жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты шара қаланың орталық алаңында өтті. Алауды алғашқы болып жағу мәртебесі 1976 жылғы Инсбургте (Австрия) өткен қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері, Рудный қаласының тұрғыны Иван Гаранинге берілді. Жағылған алауды қария эстафетаның І кезеңінің алғашқы алаугері - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке табыстады.
«Біздің еліміз универсиадаларға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Оған 7000-нан астам жас спортшы қатысып, 125 медаль жеңіп алды. Біз Универсиадаға аттанған қостанайлық спортшыларға мақтанышпен жанкүйерлік етеміз», - деп мәлімдеді өңір басшысы эстафета алдында.
Бүкіләлемдік қысқы универсиадаға қатысатын Қазақстан құрамасына Қостанай облысынан 4 спортшы енді. Олар: Халықаралық дәрежедегі ҚР спорт шебері Анастасия Крестова (шорт-трек), Халықаралық дәрежедегі ҚР спорт шебері Александр Кленко (конькимен жүгіру спорты), ҚР спорт шеберінің үміткері Виталий Пухкало (тау шаңғысы), «Горняк» хоккей клубының қақпашысы, ҚР спорт шеберінің үміткері Максим Грязнов.
Эстафетаға арбамен спорттық бал биі бойынша Азия чемпионы Малика Мұқтарова қатысты, ол алауды Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері Иван Дычкодан қабылдап алды.