Универсиада-2017: Алматы метросы жолаушыларды тексеруді күшейтпек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Универсиада-2017 студенттік ойындары барысында Алматы метросы жолаушыларды тексеруді күшейтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Универсиада-2017: Алматы метросы жолаушыларды тексеруді күшейтпек

«Метрополитен» МҚК директоры Нұрлан Мұқановтың айтуынша, мұндай шаралар қауіпсіздікті күшейтіп, лаңкестіктің алдын алуға септігін тигізбек.

«Жолаушылардың қол жүгі, сөмкелері тінтуден өтеді. Одан қашқандар жерасты жолына кіргізілмейді. Барлық жолаушыларды төзіммен қарауға шақырамыз. Бұл бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр», - деді директор.

Метро басшылығы пойыздан қалып қоймау үшін арнайы мобильді қосымша жүктеп алуға кеңес беріп отыр. Соның арқасында пойыздардың жүру кестесін тура біліп, ертерек келуге болады.

Жолаушыларды тексеру Қазақстан заңнамасында рұқсат етілген арнайы құралдармен жүзеге асады. Бұл азаматтардың конституциялық құқығын бұзбайды.