«Универсиада -2017» жаңалықтарын тарататын онлайн-журнал жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келер жылы елімізде екі бірдей ірі халықаралық деңгейдегі оқиға орын алғалы тұр. Бірі - ЭКСПО көрмесі болса, екіншісі - Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындары. Осы спорттық бәсекенің дайындық жұмыстары бүгінде қызу жүріп жатыр. Бұған дейін Универсиаданың жаңалықтарын ақпараттық және спорттық БАҚ беттерінен оқып келген болсаңыз, бұдан кейін арнайы онлайн-журналдан соңғы мәліметтерді түгел қарай аласыз.
«Универсиада-2017 сарапшысы» деген атау алған порталда студентік ойындарға дайындықтың қалай жүргізіліп жатқандығы жарияланатын болады. Сондай-ақ, жарыстар басталған сәтте де соңғы нәтижелердің барлығын осы интернет-ресурстан табатын боласыз. Тек ақпараттар ғана емес, сонымен қатар, фото және видеорепортаждар да назарыңызға ұсынылатын болады.
Хабаршының алғашқы шығарылымдарын https://almaty2017.com/kk/media сілтемесіне кіріп оқи аласыздар. Оқырмандар порталдан шетелдік спортшылардың Универсиадаға дайындығын, Алматыға туристер тарту жұмыстары, жарысқа қатысатын елдерді тіркеу, Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) инспекциялық сапары жөнінде қызықты деректер таба алады.
«Универсиада-2017 хабаршысының» айына екі рет электронды нұсқада шығарылуы жоспарланған. Сондай-ақ, жарыс уақытында онлайн-журнал баспа түрінде де (FISU талабы бойынша) шығарылатын болады.
Айта кетейік, Алматыдағы XXVIII қысқы Универсиада ойындары 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпан күндері аралығында өтеді. Қазақстан мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараны өткізу мәртебесіне 2011 жылдың қараша айында ие болған еді. Жарысты өткізуге Италияның Тренто қаласы да үміктер болған. Алайда, елдегі дағдарысқа байланысты ел үкіметі Универсиада өткізу ойынан айнып, Алматыны бәсекелессіз қалдырды.
28-ші қысқы Универсиада барысында 13 түрлі спорт түрінен жарыстар өтеді. Қазақстан ұйымдастырушы ел ретінде осы ойындардың қатарына допты хоккейді қосты.
Алғашқыда Универсиада нысандарын салу үшін Қазақстан 950 миллион доллар жұмсауды көздеген болатын. Бұл қаражатқа Алматыда үлкен мұз айдыны, екі мұз жолы, студенттер қалашығы, Олимпиада ауылы және халықаралық әуежайдың терминалы салынады деп жоспарланған.