Универсиада дирекциясы марқұм Рафиковтың отбасына 1 млн теңге өтемақы береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Универсиада-2017 Дирекциясы кеше «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплин кешенінде қайтыс болған қызметкері Бауыржан Рафиковтың отбасына 1 млн теңге көлемінде өтемақы береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Универсиада дирекциясы марқұм Рафиковтың отбасына 1 млн теңге өтемақы береді

Универсиада Дирекциясының ұжымы өмірден қайтқан әріптесін бүгін бір минут үнсіздікпен  еске алды.

«Кеше, 2017 жылдың 31 қаңтарында сағат 21:00 шамасында «Сұңқар» ХШТК-де Универсиада-2017 Дирекциясының штаттағы қызметкері 1983 жылғы Бауыржан Рафиков қайтыс болды. Жұмыс күнінің аяғында Бауыржан Рафиков кенет естен танып қалды. Қасында болған әріптестері оның есін жиғызуға тырысып, нысанда кезекшілікте болған медициналық қызметкерді шақыртты, ол дереу алғашқы медициналық көмекті көрсетті. Жедел жәрдем бригадасы бірнеше минуттан соң оқиға орнына жетті», - деп хабарлаған болатын Универсиада-2017 дирекциясының баспасөз қызметі. 

Алайда, дәрігерлер 40 минут бойы Бауыржанның өмірі үшін күрескенімен, ол қайтыс болды.

«Бүгін, 1 ақпанда Универсиада-2017 Дирекциясының ұжымы марқұм әріптесін бір минут үнсіздікпен  еске алды. Артында қарт анасын, жары мен екі баласын қалдырған Бауыржан Рафиковтың туыстары мен жақындарына Универсиада Дирекциясы қайғарып, көңіл айтады. Бауыржан Рафиковтың отбасысына 1 млн теңге мөлшерінде өтемақы төленеді», - деп хабарланған ақпаратта.