Универсиада қауіпсіздігін 7 мыңнан астам полиция қамтамасыз етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада  кезінде 7 мыңнан астам полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Универсиада  қауіпсіздігін 7 мыңнан астам полиция қамтамасыз етеді

«Қалалық жедел штаб құрылып, күні-түні жұмыс істеуде. Өткен аптадан бастап call-орталық жұмыс істей бастады, онда Универсиадаға қатысты толық ақпарат алуға болады. Қауіпсіздікті ІІМ, Ұлттық гвардия және Қорғаныс министрлігінің 7 мыңнан астам қызметкері қамтамасыз ететін болады», - деді Байбек.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, өткен жылы Алматының ішкі істер департаментін материалдық-техникалық  жабдықтауға жергілікті бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл 2015 жылы бөлінген қаржыдан 2 есе артық.

«Ағымдағы жылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге байланысты ІІД бюджеті тағы да 25 пайызға арттырылып, 17,3 млрд. теңгені құрайды. 240 автомобиль және басқа да арнайы техникалар сатып алынады. Жалпы, барлық құқық қорғау қызметтерінің өзара тиімді іс-қимылы қамтамасыз етілген», - деді ол.