Универсиада қонақтарының құжаты Алматы әуежайында 1 минут ішінде ресімделетін болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы Халықаралық әуежайында универсиада қонақтары үшін бірқатар қызмет түрлері қосылды. Шекара қызметі жедел өткізу үшін тағы 10 кабина қосады.

Универсиада қонақтарының құжаты Алматы әуежайында 1 минут ішінде ресімделетін болады

 Келген қонақ 1 минут ішінде құжат бақылауынан еліміздің шекарасына өте алады, деді 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция директоры Наиль Нұров БАҚ-пен кездесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Универсиадаға  қонақтардың 90 пайызы ұшақпен келеді. 2 823 спортшы мен делегация мүшелері ұшақпен келеді. Ең үлкен делегация Ресей, Қытай, АҚШ-тан келмек. Әуежайда Универсиада қонақтары үшін бірқатар қызмет түрлері қосылды. Универсиада қонақтарын арнайы кабиналарда ресімдейтін болады. Шекара қызметі жедел өткізу үшін тағы 10 кабина қосады. Келген қонақ 1 минут ішінде құжат бақылауынан еліміздің шекарасына өте алады», - деді Н.Нұров.

Сонымен қатар, ол неше мемлекеттің спортшылары елімізге визасыз кіре алатын жеткізді.

«Универсиадаға қатысатын 45 елдің спортшылары мен делагация мүшелері визасыз елімізге кіре алады. 8 елдің өкілі өз елінде визаларын алып жатыр. 4 мемлекет өкілдерінің визасы Алматы әуежайында беріледі. Нақтырақ айтқанда, Мадагаскар, Уганда секілді елдің спортшылары Алматы әуежайында құжаттарын ресімдейді», деді Дирекция директоры.

Наиль Нұровтың айтуынша, қонақтарды әуежайдан Атлеттер қалашығына тезірек жеткізу жолдары қарастырылған. 

«Біз қонақтарымызды Атлеттер қалашығына жылдам жеткізу жағын қарастырдық. Арнайы жүргізген сынақ-тестімізде 56 минутта әуежайдан  сол жерге барады. Барлық қонақтар мінген көліктерді Алматы ІІД жол-патруль қызметі алып жүреді»,  деді Н.Нұров.

Еске сала кетейік, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Алғашқы қонақтар 24 қаңтар күні Қытайдан келеді.