Универсиада ойындарынан 200-ден астам тікелей көрсетілім ұйымдастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарынан 200-ден астам тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, ең басты жұмыс - жарысты бастан-аяқ сапалы түрде трансляциялау. Еліміздің аумағында спорт бәсекесін «Хабар», «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары таратады. Жалпы, 200-ден астам трансляция ұйымдастырылатындығы көзделуде», - деді министр.
Оның айтуынша, шараның ресми хост таратушысы ретінде Халықаралық университеттік спорт федерациясы анықталған.
«Айта кететін мәселе, Қазақстан универсиаданы өткізетін ел болғандықтан трансляциялау құқығы отандық телеарналарға тегін беріледі. Тұтастай алғанда, жарыстар 80 елге трансляцияланып, 1 млрд. аудиторияны қамтиды»,- деді ол.
Сонымен қатар, Абаев Универсиаданың ашылу және жабылу шаралары мен спорттық жарыстардың коментаторлары іріктеп алынғанын, телеарналарда жарыстарға арналған күнделіктер көрсетілетіндігін, ал газеттерде арнайы беттер берілетіндігін айтты.
«Жылдың басты спорттық шарасы аяқталғаннан кейін Универсиаданы өткізу туралы ресми фильм түсіру ұйымдастырылатын болады», - деді министр.
Айта кетейік, 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарына әлемнің 59 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады .
Байрақты бәсекеде ел намысын 168 спортшы қорғайтын болады .