Универсиада спорт нысандарының ашылуы Алматының 1000 жылдығын мерекелеуге орайластырылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек 2017 қысқы Универсиада ойындары өтетін спорт нысандарын аралады. Бұл ғимараттар болашақта қала тұрғындарының игілігіне пайдаланылады әрі Алматының 1000 жылдығын мерекелеу қарсаңында есіктерін айқара ашатын болады», - деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.
«Универсиада» басшылығының мәліметі бойынша барлық спорт нысандары 2016 жылдың 30 тамызында пайдалануға беріледі. Қазір теңге бағамының өзгеруіне қарамастан құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр және белгіленген мерзімде аяқталады. Мысалы, үстіміздегі жылдың 22 наурызында Медеу ауданындағы 3000 орындық Мұз аренасының жаттығу айдыны дайын болады, ал 6 шілдеде негізгі арена мен әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталып, нысанның айналасы абаттандырылады. Бұлардан өзге, 12 мың орындық Мұз сарайының әкімшілік ғимаратының, осындағы бассейн мен жаттығу мұз айдынының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысанның негізгі блогы 2016 жылдың 9 мамырында пайдалануға беріледі, ал нысанның айналасын абаттандыру жұмыстары 6 шілдеде аяқталады. Атлеттер ауылындағы 5 мың орындық 4 тұрғын үй 22 наурызда берілсе, тағы 4 тұрғын үй 9 мамырда іске қосылады. Ал 6 шілдеде соңғы 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұлардың айналасын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары 1 тамызда жүзеге асады. Барлық нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстары тамыздың соңында аяқталып, биылғы жылдың 30 тамызында пайдалануға беріледі. Құрылыстың әр кезеңі Алматы әкімі Б. Байбектің жеке бақылауына алынған.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда ғана 12 мың орындық Мұз сарайының кіші аренасының, жаңа бассейннің, Универсиада спорт нысандары мен Атлеттер ауылының бизнес-мүмкіндіктерінің тұсаукесері өткен болатын. Бұл шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, спортшылар, бизнесмендер, журналистер, блогерлер және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.