Универсиада - жастардың ең бір жарқын спорттық форумы - Н. Нұров
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда қысқы Универсиада нысандарының дер кезінде қолданысқа берілетіндігіне еш күмән жоқ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция жетекшісі Наиль Нұров мәлім етті.
2016 жылдың маусым айының басындағы жағдай бойынша әрбір нысан бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың 70-80 пайызы орындалған. Олардың ішінде 12 мың орынға шақталған Мұз сарайы да бар. Нысандарды пайдалануға беру үстіміздегі жылдың тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған.
«Универсиадаға арналып салынып жатқан нысандар мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі. Ал қолданыстағы нысандарда қазір жаңарту, қажетті жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде ешқандай кедергі жоқ. Қазір, алдымызда «Алатау» шаңғы-биатлон стадионында, «Шымбұлақ» шипажайында және Халықаралық «Сұңқар» тұғырдан шаңғымен секіру кешенінде бақылау жүйесін орнату бойынша күрделі техникалық міндеттер тұр. Бірақ, бұл міндеттер дер кезінде орындалады», - деді Наиль Нұров.
Сондай-ақ, Универсиадаға арналған Атлетикалық қалашықта жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, Атлетикалық қалашықты Универсиаданың жүрегі деуге болады. Мұнда, үлкен мәдени бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарланған. Онда шетелдік қонақтарға Қазақстанның көне және заманауи тарихы жан-жақты түсіндіріледі.
Наиль Нұровтың айтуынша, әзірге 35 ел Универсиадаға қатысатындығын растаған.
«Тіркеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Қатысушы елдердің қорытынды саны биылғы жылдың соңында белгілі болады.
Бұл жерде біз Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) мен Қайрат Зәкіриянов басқаратын Қазақстанның ұлттық студенттік спорт одағына үміт артып отырмыз. Біздің алдымызда тұрған басты міндет - 2017 жылғы Универсиаданы 2011 жылы Түркияның Эрзурум қаласында өткен қысқы Универсиададан кем қылмай өткізу. Ал, Эрзурум Универсиадасына 52 ел қатысқан болатын», - деді Дирекция басшысы.
Бұл жерде Наиль Нұров бұрын мәлім етілгеніндей, Алматы қаласы 64 елдің делегациясын, 2 мың спортшыны, 3 мың волонтерді, сондай-ақ, әр түрлі елден 30 мыңға дейін туристерді қабылдай алатындығын атап көрсетті.
«Универсиада шынында да әлемдегі ең ірі спорттық шаралардың бірі. Сондықтан, Универсиаданың философиясын өзгертуді өзімнің басты міндеттерімнің бірі деп санаймын. Яғни, мұндай жобаға Олимпиада алдындағы дайындық кезеңі ретінде емес, өз алдына бөлек толыққанды жоба деп қарау керек», - деді Н. Нұров.
Дирекция жетекшісі, сонымен қатар, Универсиаданың өзіндік мазмұны бар спорттық жоба екендігін атап өтті.
«Мен үшін Универсиада - студент спортшылардың спорттық фестивалі, форумы. Студенттер қауымы - Қазақстан қоғамының ең алдыңғы қатарлы, озық ойлы санаты. Еліміздің болашағы. Ал Универсиаданы - жастардың ең бір жарқын спорттық форумы деуге болады. Біз осы жастар арқылы Қазақстанды бүкіл әлемге танытамыз. Біздің Универсиданы бүкіл әлем бойынша 1 млрд. жуық адам тамашалайды», - деп сөзін аяқтады Н. Нұров.