Универсиадада Қазақстан қоржынындағы 36 медальдың жартысын қыздарымыз жеңіп алды - Қырықбаев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары жеңіп алған 36 медальдің жартысы қыздарымыздың арқасында Ұлттық құрама қоржынына түсті, деді бүгін 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне орай салтанатты концертте қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай атындағы Опера және балет театрында өткен салтанатты кеште Бауыржан Байбектің атынан құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев әйел адамдардың қоғамдағы жетістіктеріне тоқталды.
«Қазақстанның спорттағы жетістіктеріне назар салып көріңіздер. Мысалы, жақында өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиадада біздің спортшы қыздарымыз 11 алтын медальдің 7-еуін, 8 күмістің 4-еуін, 17 қола медальдің 7-еуін Қазақстан құрамасының қоржынын салды. Спортшыларымыз жеңіп алған 36 медальдің жартысы қыздарымыздың арқасында келді. Біздің қаламызда негізгі кіріс шағын және орта бизнестен келіп отыр. Бүгінде 30 пайыздан астам компанияларды әйелдер басқарады. Мемлекеттік қызметшілердің «Б» корпусындағы, яғни Алматы қаласы басшылығындағы, орынбасарлар, бөлім басшыларының 52 пайызы әйелдер», - деді Арман Қырықбаев.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, зейнетақы мен бала тууға және бала күтіміне арналған әлеуметтік төлемдер 20 пайызға арттырылатын айта кетті.
«Бұл бала күтімі мен үйде отырған ананы әлеуметтік қорғауға және көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын арттыруға жасалған нақты қадам. Бүгінде Алматы қаласы бала туу жағынан 3-ші орында. Жыл сайын қаламызда 30 мыңдай нәресте жарық дүние есігін ашады. Өткен жылы 330 ана егіздерді, 4 ана үшемді дүниеге әкелді», - деді Арман Қырықбаев.
- Отбасының шырайын келтіріп, отағасының мерейін асырып жүретін әйелдер қоғамдық өмірдің сани қилы салаларында да еңбек етіп келеді, - деген Арман Қырықбаев статистикалық мәліметтерді келтірді.
«Мәселен, қаламыздағы бірқатар мекемелердің басым бөлігінің тізгіні бүгінгі таңда әйел азаматтардың қолында. Оның ішінде әйел басшылардың үлесі білім беру саласында 65 пайыз, жылжымайтын мүлік және тамақтану салаларында 40 пайыз, әкімшілік және қызмет көрсету салаларында 36 пайыздан асады. Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 82 пайызы әйелдер, экономика саласындағы қызметкерлердің 62 пайызы әйелдер. Алматы қаласы бойынша тіркелген кәсіпорындар басшыларының 30 пайыздан астамы әйел азаматтар. Осылайша, әйелдер қоғам ұйытқысы болып келеді және бұл үрдіс одан әрі де дами бермек.
Айта кетейік, парламентте 27 пайыз әйелдер болса, мәслихаттар құрамындағы депутаттардың 20 пайызы әйелдер. Құрметті әйелдер қауымы, бүгінгідей мерекеде баршаңызға алғыс айтамыз. Ер азаматтардың қамын ойлаған сіздерге мыңда бір алғыс. Еңбектеріңіз баянды болсын», - деді Арман Қырықбаев.
Салтанатты шарада «МузАРТ life» тобы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Мирас пен Құралай Бекжановтар, Опера және балет театрының солистері, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Алуа Серікханова, Тамирлан Нұрғали, Дінмухамед Жолдас, «Вивать» балалар би ансамблі, «Егіз» гитарашылар дуэті, «Атман» триосы, Роман Ким, Саяхат Арашанбаев, «Алан» тобы өнер көрсетті.