Универсиадада шорттрекшілерден алтын жүлде күтеміз - Мәдіғали Қарсыбеков

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында 29 қаңтар күні басталатын ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадада шорттрекшілерімізден алтын жүлде күтеміз. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков мәлім етті.  

null
- Қазір өзім Астанадамын, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы М.Қарсыбеков. Спортшылардың біразы келді. Бірқатары бүгін басталатын жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысады. Төрт жігітіміз Голландияда жаттығуда. Команда 30 қаңтар күні түгелдей бас қосады. Универсиададағы басты үмітіміз - батысқазақстандықтар Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов және атыраулық Денис Никиша. Осы төрттік 5 мың метрлік эстафеталық сында топ жарады деп ойлаймын. Сондай-ақ жеке қашықтықтарда жігіттеріміздің біреуі алтын алады деп үміттенемін. Қос алтын болса, шіркін! деп отырмыз.

null  

- Аузыңызға май, Мәдіғали Әбдіғалиұлы, содан кейін де жарыстар бар ғой, оған дайындық қалай?

- Универсиада біткен бойда, 8 ақпан күні Минск қаласына аттанамыз. Сонда әлем кубогының алтыншы кезеңі өтеді. Одан соң 10-11 наурызда Голландияның Роттердам қаласында әлем чемпионаты кезек күтіп тұр. Әуелі Универсиада, сосын әлем біріншілігінде жақсы нәтиже көрсетсек, алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Олимпиадаға да үміт артуға болады. Жалпы, айта кетейік, спортшыларды даярлауда республикада барлық жағдай жасалуда. Қаржы жағынан кемдік көріп жатқанымыз жоқ. Басты мақсатымыз - ел сенімін ақтасақ, болғаны.

null  

- Жуырда Оралдағы жабық мұз айдыны сарайының ашылғанына 15 жыл болды. Сарай пайдалануға берілгеннен кейін Оралға келіп, осы уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі шорттрекшілерді даярлап үлгердіңіз, енді осы спорт түрінің болашағы жөнінде не айтасыз?

- Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Алдағы Олимпиададан кейін бірқатары спорттан кетуі мүмкін. Сондықтан олардың орнын басатын ізбасарларды күні бұрын дайындамаса болмайды. Мен өзім Оралдан Астанаға 2011 жылы көштім. Сол кезде болашағы бар-ау деген жасөспірімдерді елордадағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатқа орналастырдым. Атап айтқанда, Анита Нагай, Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажығали, Әділ Қырымгереев Нұрберген, Абзалдардың орнын басады деп ойлаймын. Оралдағы шорт-трек бапкері Максим Лозовоймен: «Балаларды үзбей жаттықтыра беріңдер, араларынан үздіктерін таңдап алып, әрі қарай шыңдаймыз», деп келістім. Жасыратыны жоқ, бұрын қазақ жігіттері қысқы спорт түрлерінен өте сирек көрінетін. Енді, міне, Оралдың шорт-трегі арқасында  дүние жүзіне таныла бастады. Тіпті өткен жылы Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанғанда, таңғалғандар да болмай қалған жоқ. Демек, бағытымыз дұрыс, жүйелі дайындалсақ, әлі талай асуға қол жеткізеріміз анық.

null null null  

Соңғы жаңалықтар