Университеттер арасында қыздардың үздік волейбол командасы анықталып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қыздар арасындағы волейболдан IX жазғы Универсиада ойындары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттық шара Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатыр.
Сайыста 16 волейбол командасы бағын сынап жатыр.

13 команда Алматыдағы ЖОО студенттерінен құралған. Солтүстік Қазақстан облысынан - 1, Шығыс Қазақстан облысынан - 1, Қарағанды университеті 1 командадан әкелді.
Бірінші курс студенті Әсел Әділбек Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне түскен жылы-ақ Университет командасына кірген.
«Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауылынанмын. Волейболмен 9-сыныптан бастап айналысамын. Біздің мектеп командалары аудандық спартакиадаларда 3-4-орындар алған. Оқу орнына түскен соң бірден мені волейбол командасына шақырды. Бұл командаға тез үйреніп кеттім», - деді Әсел.
ҚазҰПУ командасының қарсыластары да осал емес.
Олар келесі кезеңге шығу үшін Әсел мен оның құрбылары Қазақ Мемлекеттік спорт және туризм академиясының, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Алматы технологиялық университетінің командаларымен тартысатын болады.
Турнирдің алғашқы ойынында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздары Қазақ көлік және байланыс академиясының қыздарымен кездесті.
Солтүстік Қазақстаннан келген қыздар екі партияда да басымдық көрсетіп, 1-топта көш бастады.
Содан кейін Қазақ шет тілдері мен әлем қатынастары университетінің бойжеткендері мен Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздары бақ сынасты.
Алдын ала раунд ойындары 17 қазанға дейін жалғаспақ. Одан кейін студенттер плей-офф, жартылай финал, финалдық ойындарға шығады.