Үнзила Шапақ: Қазақстанда сот пен азамат арасындағы құқықтық теңгерім өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар азаматтардың құқықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейтіп, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған. Құрылтай депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, жаңа Конституцияда бекітілген нормалар азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық қатынастарды жаңа деңгейге көтерді.

а
Фото: Kazinform

2026 жылғы конституциялық жаңғыру Қазақстанның құқықтық дамуындағы маңызды кезең болды. 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимылы негізгі қағидаттар ретінде айқындалды.

Атап айтқанда, «Миранда ережесі» конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл нормаға сәйкес, ұсталған адамға бостандығы шектелген сәттен бастап оның құқықтары мен ұсталу себептері түсіндірілуі тиіс.

Тағы бір маңызды өзгеріс – адвокатураның дербес конституциялық мәртебеге ие болуы. Адвокатура азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды институты ретінде танылып, оның әділ сот төрелігін қамтамасыз етудегі рөлі айқындалды.

Сонымен қатар жаңа Конституцияда сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Негізгі заңда сот бақылауының кепілдіктері мен Конституциялық Соттың адам құқықтарын қорғаудағы орны нақтыланды.

Жаңа Конституциядағы елеулі өзгерістердің бірі – сот ісін жүргізу нысандарының қатарында «әкімшілік» ұғымының тікелей көрсетілуі. Конституцияға сәйкес, сот билігі заңда белгіленген азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады.

Бұл нормалар сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың қызметіне құқықтық бақылауды күшейтуге және азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Қазақстанда соңғы жылдары сот тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін арттыру және олардың құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіру бағытында жүйелі өзгерістер жүргізіліп келеді. Бұл реформалар сот жүйесінің институционалдық құрылымымен қатар, азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық қатынастарды да қамтыды.

Құрылтай депутаты Үнзила Шапақтың пікірінше, сот-құқықтық реформалардың басты мәні – азаматтардың құқықтарын қорғауды нақты тетіктермен қамтамасыз ету және соттардың мемлекеттік органдардан тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігін күшейту.

Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – судьялар тәуелсіздігінің институционалдық кепілдіктерін нығайту. Атап айтқанда, судьяларды іріктеу мен олардың мансабына қатысты негізгі мәселелер Жоғары Сот Кеңесінің құзыретіне берілді. Сондай-ақ сот әкімшілігі сот төрелігін жүзеге асыру қызметінен бөлініп, соттарды қаржыландырудың кепілді жүйесі енгізілді.

Сот тәуелсіздігі азаматтардың әділ сотқа деген құқығымен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Қазақстанда 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әкімшілік әділет институтының маңызы ерекше.

Ресми статистикаға сәйкес, әкімшілік соттар енгізілгенге дейін азаматтар мен бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен даулардың шамамен 15%-ында жеңіске жетсе, кейін бұл көрсеткіш 60%-ға дейін өскен.

Үнзила Шапақтың айтуынша, бұл көрсеткіш азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық теңгерімнің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Әкімшілік соттың міндеті – мемлекеттік органның ұстанымын автоматты түрде қолдау емес, оның қабылдаған шешімі мен әрекетінің заңдылығын объективті бағалау.

– Жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың негізгі мәні – азаматтың құқығын қорғауды нақты тетіктермен қамтамасыз ету және соттың мемлекеттік органдардан тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігін күшейту. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін институционалдық кепілдіктердің күшеюі. Әкімшілік соттың міндеті – мемлекеттік органның позициясын автоматты түрде қолдау емес, оның шешімі мен әрекетінің заңдылығын объективті бағалау. Азаматтар мен бизнестің мемлекеттік органдармен дауларда жеңіске жету көрсеткішінің 15%-дан 60%-ға дейін өсуі азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық теңгерімнің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді, – дейді Үнзила Шапақ.

Сот бақылауының нақты жұмыс істеп тұрғанын қылмыстық процестегі статистикадан да көруге болады.

2026 жылдың сегіз айында соттарға қамауға санкция беру туралы 11 164 өтініш түскен. Оның 4 355-і бойынша соттар қамауға алуға рұқсат бермеген. Ал 3 720 жағдайда қамаудың орнына үйқамақ қолданылған.

Сондай-ақ осы кезеңде қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне, әрекетсіздігіне және шешімдеріне қатысты қаралған шағымдардың 37,7%-ы қанағаттандырылған.

Депутаттың пікірінше, бұл деректер соттың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы нақты бақылау тетігі ретінде жұмыс істеп отырғанын көрсетеді.

Қылмыстық сот төрелігіндегі тағы бір маңызды көрсеткіш – ақтау үкімдері. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында соттар 211 адамға қатысты ақтау үкімін шығарған.

Бұл соттардың әрбір істі жан-жақты қарап, айыптау тарапы ұсынған дәлелдерге дербес баға беретінін көрсететін көрсеткіштердің бірі ретінде қарастырылады.

Сот төрелігінің сапасы мен оған деген қоғамдық сенім де реформалардың нәтижесін бағалауда маңызды орын алады.

2026 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде респонденттердің 92,4%-ы сот жүйесіне толық немесе ішінара сенім білдірген.

Бұл көрсеткіш азаматтардың сот институтына және сот арқылы өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне деген көзқарасын аңғартады.

Сот төрелігінің сапасын арттыру бағытындағы маңызды өзгерістердің бірі – дербес кассациялық соттардың құрылуы.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық соттар жұмыс істей бастады.

Олардың Жоғарғы Соттан институционалдық тұрғыда бөлінуі сот актілерін қайта қараудың дербес деңгейін қалыптастырды. Бұл азаматтардың сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндігін кеңейтіп, сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Үнзила Шапақтың пікірінше, сот-құқықтық реформалардың түпкі мақсаты тек жаңа институттар құрумен шектелмейді. Ең бастысы – азаматтың құқығы бұзылған жағдайда оны тиімді қорғай алатын құқықтық жүйе қалыптастыру.

Бұл тұрғыда сот тәуелсіздігі, әкімшілік әділет, сот бақылауы және кассациялық қайта қарау тетіктері өзара тығыз байланысты. Олардың барлығы азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осылайша, жүргізіліп жатқан реформалар сот жүйесінің құрылымын жетілдірумен қатар, азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық қатынастардың сипатын өзгертуге ықпал етіп отыр.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астанада азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмысын бастаған болатын.