ҰОК өкілдері Харбин қысқы Азия ойындарына дайындық семинарына қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – Харбинде (Қытай) 2025 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындық бойынша семинар өтті. Оған Азия Олимпиадалық кеңесінің өкілдері қатысты.
Семинар барысында алдағы Азиаданы ұйымдастыру комитетінің әр бөлімі турнирге дайындық қай деңгейде жүргізіліп жатқаны туралы баяндама жасады.
«Харбин Азия ойындарын өткізу құқығын бір жыл бұрын алса да, спорт нысандары қазірдің өзінде спортшыларды қабылдауға дайын. Ұйымдастыру комитетінің құрамына 2022 жылғы Бейжіңдегі Олимпиадада және 2022 жылғы Ханчжоудағы Азия ойындарында жұмыс істеген адамдар енді. Азия әрдайым кешенді жарыстарды жоғары деңгейде өткізеді. Сондықтан біз Харбинде өтетін 2025 жылғы қысқы Азияда ойындарының ұйымдастырылуы еш қиындықсыз өтетініне сенімдіміз. Ұйымдастыру комитетімен күнделікті байланыстамыз, себебі ақпарат ұдайы жаңартылып отырады», - деді Бектұр Қиятбай.
Семинардан бөлек ҰОК қызметкерлері жеке кездесу өткізіп, онда ұйымдастыруға қатысты мәселелер, атап айтар болсақ, негізгі мерзімдер, логистика, тұратын жерлердің жағдайлары, жүк тасымалдау және спорттық жабдықтарды рәсімдеу мәселелері талқыға салынды.
Айта кетелік, Харбин Азия ойындарын өткізу құқығына екінші мәрте ие болып отыр. 2025 жылғы мультиспорттық оқиға ақпан айының 7-14 аралығында өтеді. Жарыстар аясында спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын таласқа салады.