Уорд кәсіби бокстан кетсе Головкин P4P-рейтингінде көш бастауы мүмкін
Қазіргі уақытта 33 жастағы америкалық боксшы бірқатар беделді басылымдардың, соның ішінде ESPN және The Ring журналдарының P4P-рейтингінде (салмақ санатына байланыссыз) көш бастап тұр.
Sport.kz-тің хабарлауынша, Уордың кәсіби спорттағы мансабы ресми түрде аяқталғаннан кейін оның аты-жөні боксшылар тізімінен алынып тасталады деп күтілуде. Бұл WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинге (37-0-1, 33 КО) бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік береді. Қазір қазақстандық боксшы бұл рейтингте екінші болып тұр.
Еске салайық, Головкиннің соңғы жекпе-жегі 16 қыркүйек күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында мексикалық спортшы Сауль Альвареске қарсы өтті. Төрешілердің шешімімен айқас тең аяқталды. Жеңімпаз анықталмағанымен, GGG барлық белбеулерін (WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша) сақтап қалды.