Уоррен Баффетпен түскі ас бәссаудада 2,3 миллион долларға өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Интернет-бәссаудаға қойылған америкалық инвестор- миллиардер Уоррен Баффетпен түскі ас қытайлық Dalian Zeus Entertainment компаниясына бұйырды.
Associated Press хабарлағандай, фирма лот үшін үлкен сома - 2,3 миллион доллар ұсынған.
«Жыл сайын мұндай түскі ас мен үшін қызықты бола түсуде. Керемет адамдармен танысып, жаңа достар таптым», - деп мәлімдеді бизнесмен. Баффет әдетте түскі ас үш сағатқа созылып, оның инвестициялық жоспарларынан бөлек әр тақырыпта әңгімелер қозғалатынын айтты.
2014 жылы миллиардермен түскі ас бәссаудада 2,17 миллион долларға сатылған. Ол жолы жеңімпаз Сингапур тұрғыны EMES компаниясынан Энди Чуа (Andy Chua) атанған. Одан бір жыл бұрын Баффетпен түскі ас 1,1 миллион долларға бағаланды. Ал рекордтық баға 2012 жылы 3 миллион 456 мың 789 долларды құраған. Ол жолы сатып алушы өз есімін атамауды жөн санаған.
Баффетпен түскі ас құқығы 2000 жылдан бастап жыл сайын сатылады.