ҰОС ардагері Б.Табешев: Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін шайқастық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысының ардагері Барлыбай Табешев ҚазАқпарат тілшісіне аспанды бұлт торлаған отты жылдардың қиындықтары мен өміріндегі басты мерекені қайда тойлайтыны туралы баяндады.

ҰОС ардагері  Б.Табешев: Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін шайқастық

«Соғыс уақыты - өте ауыр кезең. Соғыстың басталғаны жөнінде 16 жасқа толмаған кезімде ауылда жүргенде естігенмін. Күн сайын жауынгерлеріміздің жетістіктері туралы жақсы хабар күтетінбіз. Жеңісті жақындату үшін көп еңбектендік. Майданға 1943 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан дайындықтан өткен соң аттанған болатынмын. Шындықты айтсам, көпшілік Отанымызды қорғау үшін майданға баруға талпынды. Жеңіс үшін жанын пида етуге даяр еді. Мен әуелі армия генералы Пухов бастаған 210 атқыштар дивизиясының 3-полк пулеметчигі болғанмын. Кейін артиллерист болдым. Ұрыс алаңында көптеген жауынгер жолдастарымнан айрылдым. Осы жылы күзде ауыр жарақат алып, госпитальде біраз уақыт болдым. Содан кейін майданға оралып, армия генералы Ватутин басқарған 3-мехполкте минометші болдым. Киев түбіндегі ұрысқа қатыстым. 1943 жылы 6 қарашада Киевті жаудан азат еттік. Кейін Харьков үшін шайқастық. 1944 жылдың қаңтарында алғашқы «Жауынгерлік қызметі үшін» медаліне ие болдым. Минск маңындағы Курск шайқасына қатыстым. 1944-1945 жылдары армия маршалы Коневтің бастауымен Чехословакия мен Польшаны азат еттік. Жеңіс күнін Германияда қарсы алдым. Ол кезде жасым жиырмада еді. Соғыс аяқталғаннан кейін әскери қызметімді Украина мен Белоруссияда жалғастырдым. Халық шаруашылығын қалыпына келтіру жұмыстарына қатыстым. 1947 жылдың ақпанында Қазақстанға оралдым. Соғысқа дейін 7 сыныптық білімім ғана болғандықтан, оқуымды әрі қарай жалғастырдым. Он жылдық мектепті тәмамдап, ЖОО-ға түстім. Физика-математика және биология мамандықтары бойынша жоғары білім алдым. 50 жыл мектепте жұмыс істедім. Өмірімнің басым бөлігін жастарды тәрбиелеуге арнадым», - деді ардагер картадан жауынгерлік даңқ орындарын және бейбіт өмірде жазған кітаптарын көрсетіп.

«Ашық аспан, бейбіт өмір тілегім келеді. Кейінгі ұрпақ біз көргенді басынан кешірмесін. Білім алып Қазақстанның ертеңі үшін аянбай еңбек етіңдер. Мемлекет басшысы анық мақсат пен міндеттерді алға қойды. Соны орындау үшін қолдан келгенді жасау қажет. Биыл, әдеттегідей жауынгер достарды кездестіру үшін алаңға барамын. Жыл сайын біздің қатарымыз сиреп барады. Бұл, әрине, қынжылтады. Алайда, әсіресе жастар, бізді ұмытпайды. Оқушылар қонаққа шақырып, өздері де хал-жағдайымды сұрастырғалы келеді. Олар бақытты болсын! Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін күрестік қой», - деп түйді Барлыбай ата.