ҰОС ардагері жас полицейлерге қызмет куәлігін табыстады (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҰОС ардагері жас полицейлерге алғашқы қызмет куәлігін табыстады. Салтанатты шара Жеңістің 70 жылдығына әрі Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Жас құқық қорғаушыларға қызметтік құжатты қалалық ІІД ардагерлер кеңесінің экс-төрағасы, ҰОС ардагері Орынғали Есенғазиев табыстады.
«9 мамыр - жеңіс күні әрқайсымыздың жүрегімізде сақталады. Жеңіс күнін тойлау тек қана дәстүр емес, біздің азат өміріміз үшін жанын пида еткендерге алғыс білдіру, олардың рухының алдында тағзым ету. Сондықтан, бүгін осы мереке қарсаңында ІІД даңқ музейіне жиналып, салтанатты жағдайда жас жеткіншектерге алғашқы қызмет куәлігін табыстап отырмыз», - деді қалалық ІІД мамандармен жұмыс басқармасының басшысы Ораз Жолдасов.
Ал ардагерге қалалық ІІД атынан алғыс хат берілді.
«Құрметті Орынғали Есенғазыұлы! Сіз сұрапыл соғыс жылдарында мұз жастанып, қар жамылып жүріп, ерлік көрсеттіңіз. Соғыстан кейінгі жылдарда да қылмыспен күресте үлкен еңбек сіңірдіңіз. Бүгінде құрметті демалыста бола тұра жастарды тәрбиелеуде өз үлесіңізді қосып жатырсыз. Сіз тек Алматы полициясының ғана емес, барлық республикалық құқық қорғау органдарының мақтанышына айналдыңыз», - деді Жолдасов.
Шара соңында жиналғандар қызмет барысында қаза болған полицейлерге арналған ескерткішке гүл қойып, құрмет көрсетті.