ҰОС ардагері, жоғары оқу орнының бұрынғы қызметкеріне құрмет көрсетілді

АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстанда және жалпы ТМД елдерінде 9 мамыр -Жеңіс күні атап өтіледі.

ҰОС ардагері, жоғары оқу орнының бұрынғы қызметкеріне құрмет көрсетілді

Бұл күні патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шаралар, құрмет көрсетуді мақсат тұтқан - соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Осы ретте, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев Отан соғысынан аман оралып, аталмыш оқу орнында қызмет еткен Алексей Максимович Рябинмен жүздесіп, оны мерекемен құттықтады.

ҰОС ардагерлерінің қатары жыл санап сиреп барады. 25 сәуір күні тоқсанның төріне шыққан А. Рябин С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да қызмет еткен ардагерлердің арасында жалғыз қалып отыр.

Оқу орнында 13 жыл заңгер-кеңесші қызметін атқарған қарияға университет атынан алғысхат пен бағалы сыйлық табыс етілді. Өзіне көрсетілген құрметке қуанған Алексей Рябин қонақтарға өткен өмірінен тағылымды әңгімелер айтып берді.