ҰОС ардагерлері көлік полицейлерінің жауынгерлік ботқасынан дәм татты
Ол қалыптасқан дәстүр бойынша «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Екінші дүниежүзілік соғыс пен ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ департамент қызметкерлері қан майданда қаза болған жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды.
«Біз бүгін сұрапыл соғыста ерен ерлігімен, жанкешті еңбегімен және қайтпас қайсар табандылығымен ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлаған қаһармандарымызды құрметпен еске аламыз. Ел мұраты жолында құрбан болған боздақтарымыздың өшпес рухы алдында басымызды иіп, олардың жаужүрек батырлығын ұл-қыздарымызға дәріптейміз», - деді салтанатты жиынды ашқан департамент бастығы Аманжол Қабылов.
Ол жиынға арнайы құрметпен шақырылған барша ардагерлерді ең үлкен мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға мықты денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Сондай-ақ, Аманжол Жайғалиұлы 7 мамырдың - мемлекет қауіпсіздігін нығайту жолында Отанға қалтқысыз қызмет етіп, еліміздің кемел келешегі үшін сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мен туған елін сүйген нағыз патриоттардың мерекесі екендігін де атап өтті.
«Алдағы уақытта да біздің полицейлердің қоғам тыныштығы мен ел бірлігін қамтамасыз ету ісіне аянбай қызмет ететіне сенімдімін»,- деді полиция полковнигі.
Шараның жарқын көріністерінің бірі - департамент ғимараты аумағында әскери шатырдың бой көтеруі болды. Төстеріне медальдар мен ордендер таққан қадірлі қонақтар мерекелік дастарханнан дала асханасында әзірленген жауынгерлік ботқадан дәм татты. Ал құйқылжыта орындалған әуезді әндер жиналғандардың көңілін сергітіп, мерекеге ерекше шырай берді.
Ұлы мереке қарсаңында 30-дан аса ІІО ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне гүл шоқтары беріліп, басқа да зор сый-сыяпат көрсетілді. Сондай-ақ, өз қызметтік міндеттерін үлгілі орындап жүрген 94 көлік сақшылары ҚР ІІМ мен департаменттің медальдарымен, грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты жиынға қатыса алмаған барша ардагерлердің сыйлықтары олардың үйлеріне жеткізіліп берілді.
Көліктегі ІІД-де Ұлы Жеңістің 72-жылдығын 5 ЕДС-қа қатысушысы, 59 тыл еңбеккерлері мен соғысға ҰОС ардагерлерінің жесірлері атап өтуде. Оларға департаменттен 700 мыңнан аса теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ, биылғы жылы көлік полицейлері өздерінің бір күндік жалақысын ардагерлер қорына аударды.