ҰОС ардагерлеріне еліміздің үздік клиникаларында ем-дом қызметтері көрсетілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлері мен қатысушыларына медициналық және оңалту көмектері ұлттық ғылыми орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ведомствоға қарасты ұйымдарында көрсетіледі.
Аталған орталықтар кардиологиялық, офтальмологиялық, онкологиялық және өзге де әлеуметтік маңызды аурулар бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Айта кету керек, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына медициналық көмек республикалық та, өңірлік те деңгейде, сондай-ақ еркін таңдау құқығы бойынша кез-келген медициналық ұйымда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне стационарлық көмек Астана мен Алматы қалаларында орналасқан екі арнаулы республикалық госпитальде, сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматыдағы «Қазақстан» шипажайында көрсетіледі, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен. Аталған клиникаларда емделуге жолдамалар алу үшін ардагерлер тіркеу бөлімі ашылып, жеке мамандар бөлінген өңірлік емханаларға хабарласулары керек.