Уранның әлемдік қорының -18, хромның -10, қорғасының 9 пайызы қазақ жерінде
АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Уранның әлемдік қорының - 18, хромның - 10, қорғасының 9 пайызы қазақ жерінде.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «2030 жылға дейін геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасы туралы» Үкімет қаулысының жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Қазақстанның минералды-шикізаттың базасын қалыптастыратын пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің барланған қоры әлемдік ауқымда айтарлықтай көлемге ие. Әлемдік уран қорындағы Қазақстанның үлесі - 18, хромда -10, қорғасында - 9, мырышта - 8, күмісте - 5, марганецте - 5, мыста 5 пайызды құрайды», - деді ол.
Министрдің пікірінше, республикада өндірілетін кеннің сапасы әлемдік негізгі өндірушілердің өнімдеріне қарағанда кемшін түседі. Қорымыздың басым бөлігі сапасы төмен ретінде сипатталады.
«Бүгінде орташа алғанда барланған қорлардың 80 пайыздан астамы, ал көмірсутек, алтын, мыс, полиметалл, хром, марганец, никель сынды пайдалы қазбалардың 80-98 пайыз қоры жер қойнауын пайдаланушыларға берілгендігін атап өткен орынды», - деді Ә.Исекешев.