Үрейленеді екенсің - Таиландта демалып жатқан қазақстандық жұлдыздар «Пабук» дауылы жайлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиланд халқы алда келе жатқан «Пабук» дауылына тас-түйін дайындалып жатыр. Соңғы жылдары тіркелмеген қатты дауыл алдындағы тыныштық жайлы сол елде демалып жатқан қазақстандық танымал адамдар әсерімен бөлісуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үрейленеді екенсің - Таиландта демалып жатқан қазақстандық жұлдыздар «Пабук» дауылы жайлы

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі Таиландта тынығып жатқан қазақстандықтарды абай болуға шақырған болатын. Өйткені, Таиланд жағалауына «Пабук» тропикалық дауылы жақындап келе жатыр.

«Құрметті отандастар! Барынша абай болып, қауіпсіздік шараларын сақтауды сұранамыз. Оңтүстік Қытай теңізінен басталған «Пабук» тропикалық дауылы қазір Спратли аралдарының оңтүстік-батысында, ол Сиам шығанағына барынша жақындап келе жатыр. 5 қаңтар күні дауыл Таиланд жағалауына жетеді», - делінген елшіліктің ескертпесінде.

Елшіліктің мәліметінше, 3, 4 қаңтар күндері Сураттхани, Накхонситхаммарат, Пхаттхалунг, Сонгкхла, Паттани, Яла, Наратхиват, Краби, Транг және Сатун провинцияларында нөсер жаңбыр жауады. Ал 4, 5 қаңтарда Пхетбури, Прачуапкхирикхан, Накхонситхаммарат, Пхаттхалунг, Сонгкх ла, Паттани, Яла, Наратхиват, Ранонг, Пхангнга, Пхукет, Краби, Транг және Сатун провинцияларында жауын-шашын күтіледі.

Дауыл соққалы жатқан елде кейбір қазақстандық жұлдыздар 2019 жылды күтіп жатқан көрінеді. Оны отандық танымал адамдардың инстаграм парақшасынан көруге болады.

«Біздің аралда әзірге тыныш... Ал ертең Пабук атты дауыл соғатыны хабарланып жатыр. Пхукетте жүргеніңде жан-жақтан дауылдың келе жатқаны туралы хабарланып жатса, аздап үрейлене бастайды екенсің. 2004 жылғы Цунами барлықтарыңыздың естеріңізде болар... Жалпы, сақ боламыз... Теңізге бармаймыз», - деп жазады танымал тележүргізуші Айгүл Мүкей өз парақшасында.

Танымал әнші Ерке Есмахан да Таиландта жүр. Эстрада жұлдызы Инстаграм парақшасында жазғандай, әншіге елден уайымдап, қоңырау шалып жатқандар бар екен.

«БАҚ өкілдері Таиландта қатты дауыл болады деп жатыр. Қазақстаннан біраз адам қоңырау шалып, жақындарым уайымдап жатыр. Тайфун Таиландтың басқа аймақтарында екен, біз тоқтаған жерде қорқыныш жоқ. Уайымдамаңыздар! Не болса да, бір Алла жер бетін табиғи апаттардан сақтасын!», - дейді ол.