Үрімші қаласында болған оқиғада зардап шеккен қазақстандық азамат бүгін елге оралды
АНА. Шілденің 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Үрімші қаласында болған оқиғада зардап шеккен қазақстандық азамат бүгін Үрімші - Астана ұшағымен елге оралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетейік, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында болған қақтығыстардың салдарынан ауыр жарақат алған қазақстандық азамат Уәлихан Дөкембаев жайлы бұдан бұрын хабарланған болатын.
«Оқиға шамамен кешкі 10-да болды. Бас сүйек, екі қабырға және тізе буындарым қатты жараланды. Қазақстанның қытайдағы елшілігі мен консулдығы жедел араласып, медициналық көмек жасалды. Ем-дом Қытай тарапынан толық өтелді. Денсаулық түзелген соң Үрімшіге қызмет бабымен қайта бармақпын», деді У.Дөкембаев.
«Қазір онда ахуал тұрақталды. Әскери бөлімшелер қоғамдық тыныштықты сақтауда. Аталған қанды қақтығыстар басталысымен телефон, ұялы байланыс үзіліп тасталды. Қазанның 1-не дейін байланыс қосылмайды», деп атап көрсетті ол.
Бүгін У.Дөкембаев Семей қаласына аттанады.