Үрімшіде қоғамдық тәртіп әлі орнай қойған жоқ

деп хабарлайды ҚазАқпарат қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
Күндіз қала тұрғындары қолдарында құжаттары болса, көшелермен қауіпсіз жүріп-тұра алады. Ал құжаттары болмаса, қарулы күзет оларды ұстап, жауап алу үшін ұлтына немесе мемлекетіне қарамастан, кез-келген тұлғаны полиция учаскесіне жеткізе алады. Сондай-ақ «үш адамнан артық» жиналуға, қолдарына үнпарақтар, пышақ немесе шоқпарлар ұстауға тыйым салынған.
Ал кеш түскен соң, кездейсоқ оқ тиіп кетпес үшін көшеге шықпаған жөн. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, дүйсенбі күні полицейлер әскерилерге шабуыл жасамақ болған ұйғырлардың екеуін өлтіріп, біреуі жаралаған. Қаланың түрлі аудандарында, негізінен ұйғырлар тұратын аудандарда кішігірім қақтығыстар әлі де орын алуда.
Айта кету керек, ТМД елдерінің туристеріне арналған атақты базарлар полицейлер мұқият тексеріп жатқан «ұйғыр аудандарында» орналасқан. Әрине, Үрімшідегі тұрақсыздық сауда-саттыққа теріс әсер етуде. Сатып алған тауарларды тиеу және елге жөнелтумен проблема туындап жатқан жағдайда, көптеген қазақстандық кәсіпкерлер Шыңжаңға шоп-турларын кейінге қалдыруға мәжбүр. Бірақ бұл, кейбір бұқаралық ақпараттар мәлім етіп жатқандай, Үрімші жабық және қазақстандық саудагерлер ол жерден бас сауғалап қашып жатыр дегенді білдірмейді. Тек тұрақсыз жағдайда сауда жасау ыңғайсыз және тиімсіз болып келеді.