Үрімшідегі жағдай тұрақтанды, 2 мыңнан астам Қазақстан азаматының елге оралуына жәрдем көрсетілді - ҚР СІМ

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үрімшідегі жағдай іс жүзінде тұрақтанды. Алайда, бұл ондағы жағдай өте тұрақты деген сөз емес. Дегбірлі жағдай әлі де сақталуда, дейтұрғанмен, коменданттық сағат тоқтатылды. Барлық мемлекеттік мекемелер, оның ішінде дүкендер, базарлар жұмыс істеуде», деді брифингте Б. Сейітбаталов.
Б. Сейітбаталов Үрімшідегі оқиға кезінде, өкінішке қарай, Семей қаласының 56 жастағы тұрғыны зардап шеккенін еске салды. «Қазіргі уақытта ол азамат Үрімшідегі ауруханада, дәрігерлердің қарауында, таяу уақытта елге оралады деген сенімдеміз. Бұл азаматпен біздің консул мен қызметкерлеріміз кездесіп, сұхбаттасты. Хал-жағдайы қазір жаман емес. Оны емдеуге кеткен барлық шығынды қытай тарапы өз мойнына алып отыр», деді ол.
«Үрімшідегі Қазақстан азаматтарын елге жедел жеткізу мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаменті Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп арнайы екі ұшақ дайындаған болатын. Алайда, ол ұшақтармен адамдарды әкелудің қажеті болмады. Өйткені азаматтар пойыз, жолаушы ұшақтарымен өздері оралды. Сонымен қатар, шекара қызметімен, кеден қызметімен, қытай тарапымен көп жұмыстар жүргізілді. Біз осы уақыттарда Қазақстан азаматтарының Үрімшіге баруын біршама тежедік. Қытай тарапымен бірігіп «Қорғас» кеден бекетінің режіміне өзгерістер енгізіп, оны тәулік бойы жұмыс тәртібіне келтірдік», деді Б. Сейітбаталов.