Үрімжі вокзалындағы лаңкестік: 3 адам қаза тапты, 79 адам жараланды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы - Үрімжі қаласының теміржол вокзалында орын алған лаңкестік нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 79 адам жараланды, деп хабарлады «Синьхуа» агенттігі.

Үрімжі вокзалындағы лаңкестік: 3 адам қаза тапты, 79 адам жараланды

Қайғылы оқиға Үрімжі қаласының оңтүстік теміржол вокзалында Бейжің уақыты бойынша сағат 19:10-да орын алды. К453 рейсінің жолаушыларын күтіп тұрған адамдарға пышақпен қаруланған белгісіз адамдар тобы тап берген. Осы оқиғамен бір уақытта вокзалда қатты жарылыс болды.

Лаңкестік нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 79 адам жараланды, оның төртеуі ауыр жағдайда.

Қазіргі уақытта барлық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Оқиғаны тергеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин террористерге қарсы аяусыз күрес жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықты, Шыңжаң халқының жұмысы мен өміріне қалыпты тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауға нұсқау берді.