Үрімжідегі жарылыстан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Үрімжі теміржол вокзалында жарылыстан қаза тапқандардың, зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтар жоқ.
«Үрімжі теміржолында жарылыстан мерт болған, зардап шеккендердің арасында қазақстандық азаматтар жоқ», - деп хабарлады ҚазАқпаратқа ҚР бас консульдығынан.
Еске сала кетейік, соңғы деректер бойынша Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы - Үрімжі қаласының теміржол вокзалындағы жарылыстан 3 адам қаза тауып, 79-ы жарақаттанған.
Қайғылы оқиға Үрімжі қаласының оңтүстік теміржол вокзалында Бейжің уақыты бойынша сағат 19:10-да орын алды. К453 рейсінің жолаушыларын күтіп тұрған адамдарға пышақпен қаруланған белгісіз адамдар тобы тап берген. Осы оқиғамен бір уақытта вокзалда қатты жарылыс болды.